Жаңалықтар

10 маусым 2016
Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті

Жиында биылғы 5 – 6 маусымда Ақтөбе қаласында болған оқиғаға баға беріліп, елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың тізбесі анықталды. Сондай-ақ Бас прокурор Ж.Асановтың, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақановтың және Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың баяндамалары тыңдалды.

Қазақстан Президенті қаза болған әскери қызметшілер мен еліміздің бейбіт тұрғындарының туған-туыстары мен жақындарына кеңес мүшелерінің және жеке өзінің атынан көңіл айтты. Қаза болғандардың отбасыларына мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетіні атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев қылмыскерлерге қатысты әрекеттерді қолдағаны және кешегі Ұлттық аза тұту күнінде бірлік көрсеткені үшін барша қазақстандықтарға алғыс айтты.

Мемлекет басшысы полиция, Ұлттық ұлан, арнаулы бөлімшелер қызметкерлеріне террористерге лайықты қарсы тұра білгендері үшін ризашылық білдірді.

Қазақстан Президенті жасалған шабуылдарды мәнсіз және зұлым әрекет ретінде атап өтті.

– Мұның дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының  террористік шабуылы екенін біз қазір біліп отырмыз. Республикада дін ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, біз діннің атын жамылып елдегі жағдайды ушықтырушылардың барлығына қатаң тойтарыс беру ниетіндеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев террористердің жоспарына қарамастан бейбіт халық арасында көп адам шығынына жол берілмегеніне назар аударды.

– Күш құрылымдарының әрекеті қылмыскерлердің түгелге жуығының көзін жоюға мүмкіндік берді, бірнешеуі іздестірілуде. Біздің құқық қорғау органдарымыз барлығын табады деп ойлаймын, олар тиісті жазасын алатын болады. Террористік актілер қоғамның көңіл-күйін өзгертті, халық оларды әділ айыптап, батыл әрекет күтеді, – деді Қазақстан Президенті.

Осы орайда Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық және жүйелі сипаттағы бірқатар тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Үкіметке екі айдың ішінде терроризм мен экстремизмге, қару айналымы мен оны сақтауға және сатуға қарсы әрекет ету саласындағы, көші-қонды және діни бірлестіктерді реттеу саласындағы заңнамалық бастамалар жиынтығын әзірлеуді тапсырды.

– Халықаралық террористік ұйымдарға қатысы бар Қазақстан азаматтарына қатысты жазалау шараларын күшейту мәселесін қарастырған жөн. Бұл ретте олар мемлекетіміздің мүддесіне сатқындық жасап, өз Отанына қарсы соғыс жолына түсіп отырғанын ескеру қажет. Бұдан бөлек, террористік қауіп жөніндегі дабыл бойынша өткізілуі ықтимал арнаулы шұғыл шаралар ұйымдастыру жеңілдетілсін. Осы заңнамалық бастамалардың барлығын биылғы заң шығару жұмысы жоспарына кіргізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев болып өткен оқиғалар күш құрылымдарының жұмыс тәсілдерін түбірімен қайта қарау қажеттігін көрсеткенін айтты.

– Заңнамамызды қатайтып, осы салаға қатысты қабылданған бағдарламаларға талдау жүргізетін және тиісті өзгерістер енгізетін кез келді,  – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы АҚШ, Израиль, Германия және өзге де бірқатар шет мемлекеттерде шеттен келетін қаражаттың пайдаланылуының жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған түрлі тәсілдер қолданылатынын атап өтті.  

– Үкімет осы тәжірибені қарастырып, Қазақстанда біздің азаматтар мен ұйымдардың шет елден қаржыландырылу ісінің мониторингін енгізуге қатысты ұсыныстар беруі қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қарудың барлық түріне елімізде тиым салу жөнінде қоғамда көтеріліп отырған мәселе мұндай  радикалды шараларды қолданбай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігі тұрғысынан мұқият зерттеуді қажет ететінін айтты.

– Заңнамалық тұрғыдан қару айналымын, оны сақтау тәртібін қадағалау күшейтілсін, бұл тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілік қатайтылсын, осы қызметпен айналысатын барлық субъектілерге кешенді тексеріс жүргізілсін. Ішкі істер министрлігі тез әрі рұқсатсыз қолдануға жарамды қаруды сатуға тиым салатын, сондай-ақ қару, оқ-дәрі және жарылғыш заттар сақталатын нысандар күзетіне қойылатын біліктілік талаптарын күшейтуді қамтамасыз етуге арналған өзгерістерді қажет болған жағдайда бір ай мерзім ішінде заңнамаға енгізсін. Бұдан бөлек, көппәтерлі үйлерде емес, арнаулы ғимараттарда болуға тиіс қару-жарақ дүкендерінің орналасқан жерлері анықталсын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бақылаусыз көші-қонның, жерді өз бетімен басып алғандардың заңсыз қоныстарының қылмыс үшін қолайлы ортаға айналып отырғанына назар аударды.

– Үкімет заманауи технологияларға негізделген интегралданған миграциялық бақылау жүйесін құру жұмысын тездетіп, дактилоскопиялық тіркеу туралы заң жобасын әзірлеуге кірісуі керек. Оған дейін  халықты тіркеуге қою және есепке алу механизмдерін орындау қамтамасыз етілсін. Барлық әкімдерге осы жұмысты жүргізіп, әрбір жарты жыл сайын ол туралы баяндап отыруды тапсырамын. Елімізге келетін босқындардың міндетті түрде тіркеуге тұру мүмкіндігін қарастырған жөн. Осы айтылғанның бәрі заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерде көрініс табуы керек. Бұл елдегі қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің мүддесі үшін жүзеге асырылады. Үкімет Ішкі істер министрлігі жанынан миграциялық үдерістерді бақылау мен реттеу және осы салада талдау жүргізу ісіне жауап беретін Көші-қон мәселелері жөніндегі ұлттық бюро құру жұмысын тездеткені жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ақтөбедегі оқиғалар маңызды мекемелердің, халық көп жиналатын нысандардың күзетін күшейту қажеттігін де көрсетіп бергенін атап өтті.

– Барлық әуежайларды, автовокзалдар мен теміржол вокзалдарын өзге елдердегідей заманауи тексеру жүйелерімен, аулаларды сапалы бейнебақылау құралдарымен жабдықтаған жөн. Бұл шаралардың бірі де азаматтарға қолайсыздық туғызбауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті террористік акт және төтенше жағдай орын алған кезде жасалатын іс-әрекеттердің халыққа түсінікті алгоритмін әзірлеу қажеттігіне  назар аударды.

– Әрбір үлкен қалада міндетті түрде халықты дереу құлақтандыру жүйесі жұмыс істеп тұруға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әскери қалашықтарды, әскери бөлімдерді, оқ-дәрі мен қару-жарақ сақталатын орындарды қоса алғанда, барлық әскери нысандарды қорғау шараларына айрықша көңіл бөлу керектігін атап көрсетті.

Мемлекет басшысы халықпен жұмыс жүргізу ісін түбегейлі жақсарту керектігін айтты.

– Әрбір жұмыссыз адам біздің есебімізде болуға тиіс. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, әр адаммен жеке жұмыс жүргізіп, екі ай мерзім ішінде халықтың осы бөлігін жұмыспен қамту жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс. Қажет жағдайда Еңбек кодексіне тиісті өзгерістер енгізу жөнінде бастамалар ұсыну керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті полиция қызметкерлерімен халықтың қарым-қатынасы заңнама арқылы айқын регламенттелуі тиістігіне назар аударды.

-  Полицейлерге шабуыл, құрметтемеушілік фактілерінің барлығына құқық қорғау жүйесі тарапынан қатаң құқықтық баға берілуге тиіс. Қажет болған жағдайда заңдарға өзгерістер енгізген жөн. Форма киген адам мемлекеттің айрықша қорғауында болуы керек, қызметтік міндетін орындау барысында оның өміріне қол сұғылмаушылықтың қамтамасыз етілуіне  кепілдік берілуге тиіс. Бұл ретте полиция өкілінің өзі де соған сай болуы керек. Осыған байланысты барлық қоғамдық институттарды, азаматтық қоғамды құқықтық тәртіпті сақтау органдарына қолдау көрсетуге, ел қауіпсіздігіне барынша үлес қосуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қылмыспен күресу үшін барлық қажетті ресурсты бөлу керек екенін айтты.

– Неге біз мұндай шаралар қолдануға мәжбүр болып отырғанымызды азаматтарымыз дұрыс түсінеді деп ойлаймын. Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық – мемлекеттің дамуы үшін және біз барлық  мақсатымызға жетуіміз үшін қажетті басты шарт. Біз бұл айтылған шаралармен шектелмейміз.  Жақын арада өзге мәселелер бойынша да кешенді шешімдер қабылданатын болады. Сөзімді Қазақстанның барлық азаматтарына арнаймын – біздің елімізде тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, ресурстар және адамдар жеткілікті, – деді Қазақстан Президенті.


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Акорда
Все события рубрики Акорда