Жаңалықтар

17 ақпан 2010
Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
17.02.10

Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына Сенат төрағасы Қ-Ж. Тоқаев, Мәжіліс төрағасы О.Мұхамеджанов, Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Президенттің көмекшісі-Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы М.Тәжин, еліміз Парламентінің депутаттары мен Үкімет мүшелері қатысты.

 Отырыста Қазақстан Республикасының 2007-2012 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік Стратегиясын жүзеге асыру барысы және алдағы кезеңде тұрған міндеттер, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеуге әзірлік жөніндегі шаралар кешені қаралды.

 Күн тәртібі бойынша Президенттің көмекшісі-Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы М.Тәжин және Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаев баяндама жасады.

 Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік Стратегиясында қарастырылған шараларды 2009 жылы мемлекеттік органдар тарапынан тиімді орындалғанына өз бағасын берді. Ұлттық қауіпсіздік саласында қалыптасқан үрдіске талдау жасаудың негізінде алдағы кезеңге арналған жұмыстың басым бағыттары анықталды.

 Президент сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу еліміз бойынша жоғары деңгейде өткізілуі тиіс екенін атап өтті. Бірде-бір соғыс ардагері, олардың жесірлері және тыл еңбеккерлері мемлекет назарынан тыс қалмаулары тиіс.

 Негізгі салтанатты шаралар Астанада өтеді. Оларға қатысулары үшін ардагерлер тегін жолақысымен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ жатын және тамақтану шығындары республикалық бюджет есебінен төленеді. Бұл мақсатқа 300 миллионнан астам теңге қарастырылған.

 Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет әрбір соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедегіне біржолғы көмек ретінде 65 мың теңге төлеуді қамтамасыз етеді. Материалдық көмек соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне, оларға теңестірілетін адамдарға, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналарына, әйелдеріне, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне және оларға теңестірілетін мүгедектерге, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне көрсетіледі.

 Бұдан басқа, жергілікті бюджеттен соғыс ардагерлеріне әлеуметтік көмек көрсету үшін, соның ішінде коммуналдық қызметтерге төлеу үшін төлемақыға, тұрғын үй сатып алуға, жеңілдікпен дәрі-дәрмек сатып алуды қамтамасыз етуге 4,7 миллиард көлемінде қаражат бөлу көзделген.

 Мерейтойлық датаның құрметіне «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы» медалін шығару жоспарлануда.

 Сонымен қатар, қазақстандық ардагерлер Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Украина және Еуроодақ елдерінің аумағында өткізілетін салтанатты іс-шараларға қатысатын болады. Қазақстан делегациясының Мәскеу қаласында өтетін 5-ші «Біз – Жеңістің мұрагеріміз» халықаралық акциясына, Батыр-Қалаларға және Әскери Даңқ қалаларына, сондай-ақ қазақстандық-майдангерлер соғысқан және жерленген жерлердегі шараларға қатысатындары жоспарланып отыр.

 Тверск облысының аумағында қазақ тапқан отандастарымызды мәңгі есте қалдыру мақсатында, 100-ші және 101-ші жеке қазақстандық ұлттық атқыштар бригадасы соғысқан жерлерде, Ржев қаласының маңында қазақстандық жауынгерлерге Ескерткіш тұрғызылатын болады.

 Қауіпсіздік Кеңесіндегі отырыстың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға барлық қабылданған шешімдерді жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар